«Жыл басынан бері суға кеткен адамдар саны 71-ден 31 адамға дейін, яғни, 56 пайызға кеміді. Биыл 1 қазанға дейінгі есеп бойынша облыстың су айдындарында 31 адамның суда қаза болу оқиғасы тіркелді, оның ішінде 17-сі - балалар мен жасөспірімдер. Шілде-тамыз айында адамдардың көп қаза болуы су айдындарында тіркеліп отыр. Бұл еңбек демалысы мен жазғы демалыс кезеңімен байланысты»,-деді Департаменттің төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Нұржан Әсібеков.
Бөлім басшысының айтуынша, оқыс оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған су айдындарында суға шомылу, балалардың ересек адамдардың қарауынсыз қалуы, судағы қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын бұзу болып отыр. Енді күн суытса да су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі әлі өзекті. Себебі күз бен қыста балық аулау кезеңі басталып кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы